Жаңалықтар

Алик ШПЕКБАЕВ: Ақтөбе облысының қарқынды дамып келе жатқанын өз көзіммен көрдім

Кеше облыс әкімдігінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс активімен және қоғам белсенділерімен кездесті. Жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, сондай-ақ селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты.

Жиында облыс әкімі өңірге арнайы келген агенттік төрағасына Ақтөбе жұртшылығы атынан ризашылығын білдіріп, облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.

— Қазіргі таңда өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғары. Өңірді дамытуға бағытталған жұмыстар мемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлердің арқасында жүзеге асуда. Біздің бүгінгі басты мақсат — елдің дамуына өз үлесімізді қосу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған барлық тапсырмаларды орындауда облыс азаматтары қарқынды еңбек етуде. Соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді іс-қимыл жүргізу — бүгінгі күнгі басым бағыттардың бірі.

2018 жылдың 5 қазанындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы аясында қолға алынған «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» тәжірибесі бүгінде республиканың барлық өңіріне таратылып, осы мақсатта біздің облыста да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, өткен жылы облыс орталығында «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өз жұмысын бастап, бүгінгі күні қоғам арасында парасаттылық қағидатының терең тамыр жаюына арқау болып отыр. Бұл кеңсе қазіргі таңда мемлекеттік құрылымдар мен қоғам арасын байланыстыратын алтын көпірге айналды. Сондай-ақ қазіргі таңда облыста сервистік әкімдік форматында 6 ғимарат жұмыс істейді, — деді О.Оразалин.

Бұдан кейін отырыста облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы мен жетістіктері жөнінде баяндап берді.

Оның айтуынша, облыста өткен жылы іске қосылған «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы жемқорлық деңгейін төмендету мен азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыруға бағытталған. Бұл жобаның басты үйлестірушілері — облыс әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық департаменті.

  • Бүгінгі күні өңірде жүзеге асырылған нәтижелі жұмыстардың бірі — 650-ден астам мемлекеттік мекеме басшысының ғимараттардың бірінші қабатына орналасуы. Бұл халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жасалды. Сондай-ақ бүгінгі күні облыста «Openspace» қағидаты бойынша 6 сервистік әкімдік, 49 кабинет жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта облыстағы аудан орталықтары мен ауылдық округтерде сервистік әкімдік ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады, — деді Қ.Бекенов.

Облыс әкімінің орынбасары бүгінгі күні «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік органдар мен қоғамның күш-жігерін біріктіретін бірегей жобаға айналғанын айтып, кеңсенің жолдар сапасының мониторингін жүзеге асыратын «Сапалы жол», «Адал жол» жобаларына тоқталып өтті.

Жиынды қорытындылаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ашықтығы, қолжетімділігі бүгінгі күні басты назарда ұсталатынын, ал жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрбір азаматтың міндеті екенін айта келе:

  • Жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысының қарқынды дамып келе жатқанын өз көзіммен көріп отырмын. Бірқатар жақсы бастамалар мен оң өзгерістерді, жастардың көзқарасын байқадым. Сондай-ақ бүгінгі күні Ақтөбеде медициналық кластер өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Облыста жалпы құны 4,2 триллион теңгені құрайтын 30 келісімге қол қойылып, инвестициялар тартылуда. Атап айтсақ, еліміз бойынша жалпы құны 11,5 триллион теңге болатын 385 келісімнің үштен бірі сіздердің өңірлеріңізге тиесілі. Демек, шетелдік және отандық инвесторлар облысқа үлкен сеніммен қарап отыр. Сондықтан осы орайда сіздердің нәтижелі жасап жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілей отырып, алғысымды білдіремін, — деді ол.

                                      Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button